Астанада денсаулық сақтау жүйесіндегі пациенттік ұйымдардың рөліне арналған баспасөз іс-шарасы өтті. Бұл кездесу коммерциялық емес сектор өкілдерін, бұқаралық ақпарат құралдарын және денсаулық сақтау саласындағы серіктестерді біріктіріп, ауыр диагноз қойылған адамдарға қоғамның бастамалары қалай нақты қолдау бола алатынын талқылауға мүмкіндік берді.
Пациенттер көбінесе ақпарат пен қолдаудың жетіспеушілігіне тап болады, әсіресе бейінді мамандар мен арнайы медициналық көмекке қолжетімділік шектеулі аймақтарда. Мұндай жағдайда пациенттік ұйымдар науқастар үшін маңызды тірекке айналады — олар тек денсаулық сақтау жүйесінде жол көрсетіп қана қоймай, мемлекетпен диалог барысында пациенттердің мүддесін білдіретін дауыс бола алады. Бұл «Бізсіз біз туралы» деген халықаралық қағидатты айқын көрсетеді, яғни пациенттердің өз денсаулығына қатысты барлық шешімдерге қатысуын көздейді.
Қатысушылар созылмалы, сирек кездесетін немесе жұқпалы ауруларға шалдыққан адамдар жиі тап болатын стигма мәселесіне де назар аударды. Пациенттік ұйымдар қоғамның көзқарасын өзгертуге ықпал етіп келеді — бұл ағартушылық жұмыстары, науқастардың өмірлік оқиғалары мен құрмет пен қолдауға бағытталған бастамалар арқылы жүзеге асуда.
Кездесу барысында спикерлер өз жұмыстарының нақты мысалдарын ұсынды — емдеудің қолжетімділігін арттырудан бастап психологиялық көмек көрсетуге дейінгі бағыттарды қамтыды.
«Ішек аурулары бар адамдарға көмек және қолдау» қоғамдық қорының Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Ардақ Дүсембетов былай деп атап өтті:
«Біздің идеямыз — пациенттің жолының әрбір кезеңінде қасында болып, қиын сәттерде қолдау көрсету және сонымен бірге өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесу. Біз диагнозбен толыққанды өмір сүруге болатынын және диагнозбен толыққанды өмір сүру қажет екенін көрсеткіміз келеді».
Созылмалы жұқпалы гепатиттерге шалдыққан науқастарды қорғау жөніндегі «AGEP'C» («АНТИГЕПАТИТ' C») қоғамдық қорының директоры Сергей Бирюков былай деді:
«Анықтау, диагностика және емге қолжетімділікті жеңілдету — бірлесе жұмыс істеуді талап ететін міндеттер. Мұның жүзеге асуы үшін мемлекет, медициналық қауымдастық пен коммерциялық емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіру қажет. Сонымен қатар, стигманы жеңу өте маңызды: көптеген пациенттер өз диагнозын айтудан қорқады. Біздің мақсатымыз — адамдарға олар жалғыз емес екенін және толыққанды әрі сау өмір сүруге құқылы екенін сезіндіру».
Айтарлықтай өзгерістерге қарамастан, Қазақстанда пациенттік қозғалыстың жүйелі дамуына, әсіресе аймақтар арасындағы теңсіздік пен стигманың сақталуы жағдайында, әлі де сұраныс бар. Бұл жұмысты жалғастыру үшін барлық тараптардың — мемлекет, бизнес, медициналық қауымдастық және пациенттердің өздерінің күш-жігерін біріктіруі қажет.
Бизнестің тұрғысынан пациенттік ұйымдарды қолдау стратегиялық серіктестік ретінде бағалануы қажет.
Бұл туралы ТМД елдері бойынша директор әрі ТОО «Johnson & Johnson Kazakhstan» компаниясының бас директоры Әділет Назарбаев айтты:
«Пациент — біздің барлық іс-әрекетіміздің орталығы. Біз емдеуге қолжетімділікті арттыру және әркімнің дауысы естіледі деп сенім артатын тұрақты денсаулық сақтау жүйесін құру үшін қауымдастықтармен бірлесіп жұмыс істейміз. Соңғы екі жыл ішінде пациенттік ұйымдардың 12 жобасына 80 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау көрсеттік — бұл тек бастамасы».
Осындай жобалардың бірі — омыртқалық бұлшықет атрофиясы (ОБА) бар балаларға арналған оңалту орталығын қолдау, сондай-ақ псориаз туралы ақпараттандыру және пациенттерге психологиялық көмек көрсетуге бағытталған бастамалар. Компания пациенттік ұйымдармен серіктестіктің жүйелік мәселелерді анықтап, оларды шешуге бірлесе жұмыс істеуге көмектесетінін ерекше атап өтеді.